Ақтөбеде Nur Otan плакатын жыртқан белсенді психдиспансерге жатқызылды

Бұрын ол тіркелмеген «Көше» партиясының парақтарын таратқан үшін психдиспансерге жатқызылған


22/12/2020
16:28 47231 0

Фото: Азаттық радиосы

 

Жиырма бірінші желтоқсанда Ақтөбеде Nur Otan партиясының сайлауалды үгіт-насихат плакатын жыртқан белсенді Асанәлі Сүйеубаевты жедел жәрдем мен учаскелік инспектор жүйке аурулары диспансеріне жатқызқан. Мұны Азаттық радиосы хабарлады.

 

«Мінез-құлқында өзгеріс бар. Бірақ оны өзі мойындамайды. Ойына не келсе, соны істеп, көшеге шығып, сайлау плакаттарын жыртқан. Мұны медицинада «аддиктив мінез-құлық»  деп атайды. Сүйеубаев қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет жасаған» — деді Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігер орынбасары Есенаман Нысанов. 

 

Полиция бұл жағдайға қатысты әлі пікір бермеген. 

 

Азаттықтың хабарлауынша, Асанәлі Сүйеубаев II топтағы мүгедектігі бар және 2012 жылдан бері психиатр есебінде тұр. 

 

Диспансерге түсер алдында Сүйеубаев Facebook парақшасында  Nur Otan партиясының автобуста ілініп тұрған плакатын жыртып жатқан сәті бейнеленген видеосын жариялаған. Ал 21 желтоқсанда өзін әкетуге келген жедел жәрдем қызметкерлері мен полиция инспекторын тікелей эфирден көрсеткен. Онда медқызметкер «үгіт-насихат плакаттарын жыртып, не үшін қоғамдық тәртіпті бұзып жүрсің, олай істеуге құқың жоқ» дейді. 

 

«Оны бұған дейін де психиатрия клиникасына әкетіп, 20 күн бойы мәжбүрлеп ұстаған еді. Жыл басында Асанәліні «Көше» (Қазақстанда тыйым салынған қозғалыс — ред.) партиясының үнпарақтарын таратқаны үшін әкетті. Бұл жолы да сайлау қарсаңында әдейі қамап отыр. Белсенділер Nur Otan партиясының жалған рейтиңін, сайлау кезінде дауыс ұрлайтынын әшкерелемек. Сол үшін Қазақстанда жүздеген белсенді қуғын көріп жүр. Үйқамақта, тергеу изоляторында отырғандар бар. Ал Сүйеубаев жүйке аурулары диспансеріне қамалды», — деді белсенді диспансерге жатқызылғанын Азаттық радиосына хабарлаған құқық қорғаушы және Qaharman қорының директоры Дана Жанай. 

 

Наразылық жиындарға тұрақты қатысып жүрген Сүйеубаев биыл сәуірінде Ақтөбедегі жүйке аурулары клиникасында емделді. Одан шыққан соң белсенді «дәрігерлер полицияның нұсқауымен 20 күн бойы мені мәжбүрлеп ұстады» деп Азаттыққа берген сұхбатында айтты. Кейін ол сотқа жүгініпті, бірақ нәтиже шықпаған.

 

Еске сала кетейік, 2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстанда парламент пен мәслихаттар сайлау өтеді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

22/12/2020 16:28
47231 0

Уведомление